
Жеке сот орындаушысы Сағындық Хибатов Алматыдағы атыстан қаза тапқан әріптесі Мұрат Әбенов туралы айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
Сағындық Хибатов пен Мұрат Әбенов кейінгі 10 жылда бірге жұмыс істеген. Ер адам марқұм жұмыста үнемі сабырлы және мейірімді болғанын айтты. Оның айтуынша, Мұрат Әбеновтің бес баласы бар.
"Мен 2011 жылдың 28 тамызынан бастап жұмыс істеймін, Мұрат болса қыркүйегінде келді. Ол сондай ұзын бойлы, сымбатты жігіт, өте сауатты. Көп балалы әке, менің есімде, оның бес баласы бар. Ол - сабырлы, ұстамды, мәдениетті. Өкінішке қарай, ол қызметтік міндетін орындау кезінде қаза болды, бұл біз үшін үлкен шығын. Мен оның отбасына көңіл айтамын, өкінішті", - деп еске алды жеке сот орындаушысының әріптесі Сағындық Хибатов.
Сағындық Хибатов бір кездері өзі де сот актісін орындау кезінде мерт бола жаздағанын айтты. Ер адамға шабуыл жасалған кездер болған.
"Маған кем дегенде 10 рет шабуыл жасалды. Әдетте, мұндай жағдай кенеттен болады және ешкімге қоңырау шалуға уақыт болмайды. Олар тас алып, ұрып жіберуі мүмкін, бір әже қайнаған су құйып, итке талатуға тырысты. Жұмыс күйзеліске толы. Біреулер сотта жеңеді, басқалары ұтылады, біреулер қуанады, басқалары қайғырады. Оларға барып, осындай үкімді орындауға келдім десеңіз, олар әртүрлі қабылдайды. Бірі ашуланады, бірі байсалды жауап берді", - деді Хибатов.
Ер адам сот орындаушылары нашар күзетілетініне шағымданды.
"Сізге ең маңыздысын айтайын, Мұрат неліктен қайтыс болды. Сот пен атқару жүйесін дамытудың үлгісі ретінде біз Францияны алдық. Оларда сот орындаушысының жанында жандарм бар, нақты қорғаныс, оқ өткізбейтін көкірекшесі, қарулы полиция қызметкері жүреді. Ал бізде: "Егер ол бағынбаса, маған қоңырау шалсаңыз болады",- дейді", - деп шағымданады Сағындық Хибатов.
Мұрат Әбеновті жерлеу рәсімі 22 қыркүйекке жоспарланған.
Айта кетейік, 20 қыркүйекте кешке 54 жастағы ер адам үйден шығару туралы сот шешімін орындауға келген сот орындаушысына, полиция қызметкерлеріне және аулада болған өзге екі адамға аңшы мылтығынан оқ жаудырған. Нәтижесінде бес адам қаза тапты. Екі полиция қызметкері, бір жеке сот орындаушысы және екі тұрғын. Олардың бірі - үйдің жаңа иесі, екіншісі - оның танысы.
1967 жылы туған күдікті ұсталды. Ол 20 жылға немесе өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
2498 рет оқылды