10 ақп, 2020 сағат 16:10

Берік Уәли ҚР Президенті Әкімшілігіндегі қызметкерлер санына қатысты түсініктеме берді

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Әкімшілікте істейтін қызметкерлер санына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы Берік Уәли өзінің Facebook -парақшасында жазды.

«Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі қызметкерлерінің саны жайында әлеуметтік желілерде Мемлекет басшысы аппараты қызметкерлерінің саны 3 мың адам деген жалған (фейк) ақпарат тарап жатыр. Шындығында Президент Әкімшілігінде 408 адам жұмыс істейді. Оның ішінде Қауіпсіздік кеңесінің 50 қызметкері де бар. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларын нақты дерекке сүйенуге және шындыққа жанаспайтын ақпаратты таратпауға шақырамыз», - деп жазды баспасөз хатшысы.

Сондай-ақ ол жалған ақпаратты қасақана таратқандардың жауапқа тартылатынын ескертті.