10 нау, 2020 сағат 08:17

Бензин бағасын нарықтық шарттар реттейді – Энергетика министрі

Мұнай бағасының төмендеуі аясында Қазақстанда бензин бағасы қалай құбылуы мүмкін? Бұл сұраққа Үкімет отырысынан кейін тілшілердің алдында Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бензиннің бағасы еркін айналымда. Бәрін нарықтық шарттар реттейді. Қазақстан өзінің мұнай өндірісін қысқарта ма, ұлғайта ма деген сұраққа келер болсақ, өзіміздің бұл бағытта нақты жоспарларымыз бар. ОПЕК-тің ұстанымдары – бізге ұсыныс ретінде ғана келіп отыр. Ал қазіргі таңда бізде жоспарды өзгертетін ой жоқ», - деді Нұрлан Ноғаев.

Энергетика министрі қазіргі уақытта Қазақстанда бензин бағасы тұрақты екенін айтып өтті.

«Бензин бағасы бірнеше жылдан бері еркін нарықта. Ұсыныс пен сұраныстың нәтижесінде реттеліп келе жатыр. Оған қажет жанар-жағармай қоры жеткілікті. Еліміздегі барлық мұнай өңдеу зауыты штатты түрде жұмыс істеп жатыр», - деді ол.