12 тамызда Алматының Медеу аудандық соты "Билік өкілін қорлады" және "Билік өкіліне күш қолданды" деп айыпталған азаматтық белсенді Әсия Төлесоваға үкім оқыды. Сот екі бап бойынша да Төлесованы кінәлі деп танып, оның бас бостандығын шартты түрде бір жыл алты айға шектеді. Бұған қоса, сот шығынын өтеп, жәбірленушілер қорына шамамен 20 АЕК (55 560 теңге) көлемінде айыппұл төлеуді міндеттеді. Судья Шәкіров Төлесованы сот залынан босатуды бұйырды.
"6 тамызда Төлесованың рұқсат етілмеген митингіге қатысқаны белгілі болды. Осы уақытта полиция қызметкерлері өз міндетін атқарып, адамдардың жиналуына жол бермеді. Төлесова учаскелік полиция қызметкерінің көмекшісіне агрессия көрсетіп, оның басы мен оң жақ иығынан соққан. Ал екінші полицейдің бас киіміне қолын тигізіп, үшінші қызметкердің оң жақ иығынан және артынан ұрған. Сондай-ақ, полиция қызметкерлерінің ар-намысына тиетін сөздер айтқан.
Жазаны тағайындау барысында мен Төлесованың бірінші рет қылмыстық жауапкершілікке тартылып отырғанын, зардап шегушінің алдында кешірім сұрағанын, жазаны ауырлататын жағдайлар болмағанын ескеріп, тиісті шешім шығардым", - дейді судья.
Қорғау тарабы үкіммен келіспейтінін, оны апелляцияға беретінін айтты.
– Сот үкімімен келіспеймін. Оны апелляцияға береміз. Қалай болғанда да Төлесованы ақтауға күш саламыз, – деді адвокат Джохар Өтебеков.
Айта кетейік, 11 тамыз күні өткен жарыссөз кезінде прокурор Төлесованың "қоғамға қауіпті қылмыстық әрекет жасағанын" айтып, оның бас бостандығын бір жылға айыруды және айыппұл төлетуді сұраған еді. Ал қорғау тарабы белсендінің "кінәсін дәлелдейтін" айғақ ретінде көрсетілген видеоның жарамсыз екенін айтып, оны ақтауды сұраған.
Азаматтық белсенді Әсия Төлесова Алматыда - 6 маусымдағы митингіден кейін тұтқындалған. Оны наразылық кезінде "полиция қызметкеріне күш қолданды" және "қорлады" деп айыптаған. Ал белсендінің өзі әлеуметтік желіде митинг кезіндегі заңсыздықтарды көріп тұрып шыдамай, "эмоцияға беріліп, жауап қайырдым" деп түсіндірген. Алдын ала тыңдау кезінде белсендінің адвокаттары Төлесованың қолы полиция қызметкерінің басына емес, фуражкасына тигенін, олар физикалық соққы алмағанын айтқан еді.
Әсия Төлесова 10 маусымнан бері қамауда болған.