18 қаң, 2021 сағат 07:13

Бельгияда коронавирустың «британдық» штаммы тарап жатыр

Батыс Фландрия (Бельгия) ауданындағы Хаутхульст жерінде COVID-19-дың британдық штаммы таралуда.

Мұнда 128 адам вирустың мутацияланған түрін жұқтырған. Олардың 63-і қарттар үйінің тұрғыны, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазіргі уақытта Бельгияда коронавирустың британдық штаммын жұқтыру жағдайларының жалпы саны аз, бірақ бұл сан сөзсіз артады, деп мәлімдеді жексенбіде бельгиялық вирусолог Марк ван Ранст. 

«Жаңа жылдан бастап олардың саны өсуде. Біз британдық штаммды жұқтырушылардың көбейгенін байқап отырмыз. Рождество мерекелерінен кейін елге саяхатшылардың келуі оның таралуына ықпал еткен болуы мүмкін. Алдағы уақытта жағдайдың қалай дамитынын көрейік», - деді М.Ранст. 

Вирусолог британдық штаммға мән беру қажет деп санайды.

«Осы әртүрлі штамдарды анықтау өте маңызды. Аурудың ауырлығы өзгеріссіз қалса да, назар аудару керек. Сондықтан COVID-19-ға қатысты шараларды, оның ішінде британдық штамммен күресте аталған талаптарды сақтау маңызды. Сонымен қатар, бөлмелерді дұрыс желдету де маңызды», - деп кеңес берді бельгиялық маман.