Фото: instagram.com/serik_kaliev
Белгілі айтыскер ақын Серік Қалиев бақилық болды. Қаралы хабарды журналист, зерттеуші Бекен Қайратұлы естіртті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Серік бауырым Алласына аттанған екен. Иманды жырларың мен игі амалдарың қабірде жолдасың болғай, отбасыңа һәм туыс-туған, дос-жарандарыңа Жаратушы Ием сабыр берсін. Бір Алла қамқорына алғай, досым. Алла Тағала о дүниеде сауабыңды, дәрежеңді арттырсын және күнәларыңды кешірсін. Алладан келдік, Аллаға қайтамыз", - деп жазды ол Facebook парақшасында.
Айта кетейік, Серік Қалиев 1961 жылы 16 тамызда Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Амангелді ауылында дүниеге келген. Айтыскер ақын.
1978-1983 жылдары Жамбыл гидомелиорациялық құрылыс институтында оқыған. 1983-1995 жылдары облыстық, республикалық ақындар айтыстарына қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Өлеңдері 1987 жылы жас ақындардың "Қарлығаш" ұжымдық жинағына ("Жалын") енген.