Беларусьте авторитар басшы Александр Лукашенконың отставкасын талап еткендерді қуғындау күшейген шақта жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты 72 жастағы Светлана Алексиевичтің де тергеуге шақырылғаны белгілі болды. Тергеу комитеті 26 тамызда Алексиевичтен сұрақ-жауап алады. Бір күн бұрын оппозицияның үйлестіру кеңесінің екі мүшесі "рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырғаны үшін" қамауға алынған еді.
Лукашенко бұған дейін оппозиция құрған үйлестіру кеңесін "билікті басып алуға талпынды" деп айыптаған. Ал кеңес өкілдері елдің конституциялық құрылымын өзгертуді көздеп отырмағанын, биліктің бейбіт жолмен ауысуы үшін үкіметпен келіссөз жасауды мақсат етіп отырғанын айтқан.
Шамамен отыз шақты мүшесі бар оппозициялық кеңестің құрамына осыған дейін Алексиевич те кірген еді. 21 тамыздан бері билік оппозиция мүшелерінің үстінен қылмыстық іс қозғап, сот арқылы қуғындап жатыр.
Батыс елдері ресми қорытындысын мойындамаған даулы президент сайлауына қатысқан оппозиция жетекшісі Светлана Тихановская "елдегі демократиялық қозғалыстың сағы сынбайды" деп мәлімдеді. “Беларусь азаматтары екі апта бойы қайсарлық көрсетті” деді Литвада тұрып жатқан Тихановская.
Еуроодақ өкілі AFP агенттігіне берген жауабында сыртқы істер министрлер блогы 26 тамызда Беларусьтегі дауыс ұрлау мен наразыларды жазалауға қатысы бар 15-20 шақты ресми тұлғаның активтерін бұғаттап, саяхаттауына тыйым салу мәселесін талқылайды деп айтқан.
Беларусь жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Светлана Алексиевичтің Азаттықтың Беларусь қызметіне берген сұхбатынан:
– Александр Лукашенкоға не айтар едіңіз?
– ...Мен журналист Светлана Калинкина секілді "Әдемі кетсеңші!..." деп айтқым келуші еді. Бірақ бұлай айтуға тым кеш, қан төгіліп қойды. Кеш болмай тұрғанда, адамдарды қара түнекке түсірмей және азаматтық соғысқа жеткізбей тұрғаныңда, кет! Кет! Ешкім Майданды, қанның төгілгенін қаламайды. Билікті тек өзің қалап отырсың және сенің бұл қалауың қанды қажет етіп тұр.
– Светлана Тихановскаяның Беларусьтен Литваға кетуін қалай бағалайсыз?
– Мен көпшілік пікірімен келісемін, Тихановская өз ісін аяқтады. Ол өзгеріске деген құлшыныстың, жаңа өмірге деген құлшыныстың, ақиқатты аңсаудың, ұлты мен жары үшін өзін құрбан етудің символы болды және бола бермек. Енді адамның күші шексіз емес қой. Ол қолынан келгенін жасады. Ол туралы қандай да бір теріс пікір айта алмаймын. Енді алдыңғы шепке ерлер шықсын. Міне, Ұлттық құтқару комитеті құрылып отыр, енді элита да жиналуы тиіс, күреске қоғам болып жұмылу қажет. Бар жүкті бұл үш әйелге артып қоюға болмайды.
Вероника Цепкало, Мария Колесникова, Светлана Тихановская – бұл үшеуі де керемет жандар. Мария әлі де қызметінде. Ал егер қыл үстінде балаларының өмірі тұрса, Светлана мен Верониканың бір сәт үзіліс алуы таңғаларлық емес. Мен біздің органдардың қалай әрекет ететінін, қалай қорқытатынын білемін. Меніңше, олар оралады.
Аударған Шерхан Талап