15 қар, 2020 сағат 16:04

Беларусьте наразылыққа шыққан ондаған адам қамалды

Беларусь полициясы Александр Лукашенконың биліктен кетуін, жаңа сайлау өткізуді талап етіп наразылыққа шыққан ондаған адамды қамауға алды.

 

"Весна" құқық қорғау ұйымы Минск, Гомель, Гродно және Могилев қалаларында 15 қарашада 179 адамның ұсталғанын хабарлады.

 

Ел астанасы Минскідегі Пушкинская метро стансасының қасына 15 қарашада бірнеше мың адам жиналды. Полиция жиналғандарды тарату үшін жас ағызатын газ бен құлақ тұндыратын граната қолданды.

Демонстранттар Беларусьтегі саяси оппозицияның символына айналған ақ-қызыл-ақ жолақты жалаулар ұстап, "Лукашенко! Трибунал!" "Жаса, Беларусь!" деген ұрандар айтып айқайлады.

Мобильді интернет байланысы таңғы 9-дан бастап өшіріліп, Минскідегі 10 метро стансасы жабылды.

 

Минск тұрғындары Азаттық тілшілеріне қаланың түрлі бөліктерінде әскери адамдар мінген әскери техника, автобустар және автозактар жиналып тұрғанын айтты. TUT.BY порталы "қалада жай жүргіншіден гөрі күш құрылымдарының өкілдері көп" деп жазды. Витебск және Бобруйск қалаларында да "қара киген адамдар" жиналды деген ақпарат бар. 

 

Беларусьте 15 қарашада оппозициялық көзқарастағы белсенді Роман Бондаренконы еске алу құрметіне "Батылдар маршы" өтіп жатыр. 12 қарашада 31 жастағы Минск тұрғыны жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Белгісіз біреулер оны үйінің ауласынан ұстап алып кетіп, орталық ішкі істер бөліміне алып барған, екі сағаттан соң ол ауыр жағдайда жедел жәрдем ауруханасына жеткізілген. Еуропа одағындағылар Бондаренконың қазасына байланысты Беларусьқа қосымша санкция салуды ойластыратынын мәлімдеді.

 

Тамызда өткен президент сайлауына оппозиция атынан қатысқан Светлана Тихановская 15 қарашадағы демонстранттарға жасалған әрекеттерді "жойқын" шабуыл деп атады және халықаралық қоғамдастықтан наразы жұртқа араша түсуді сұрады.

 

"Одақтастарымызды Беларусь халқы мен адам құқықтарын қолдауға шақырамыз. Біз жараланғандарға гуманитарлық дәліз ұйымдастыруды, ақпарат құралдарына көмектесуді және қылмысты халықаралық деңгейде тергеуді сұраймыз" деп жазды ол Twitter-дегі парақшасында.

 

Тихановская жеке басы мен отбасына қауіп төнгендіктен, 9 тамыздағы сайлаудан кейін Литваға кетіп қалған.

 

Александр Лукашенко сайлауда жеңіске жеткенін жариялаған. Бірақ АҚШ пен Еуроодақ сайлау нәтижесін мойындаудан бас тартты. Еуроодақ Лукашенкодан бастап, Беларусь үкіметіндегі басқа да лауазымды адамдарға санкция салды. Тамыздан бері оған қарсы наразылық шаралары күн сайын дерлік өткізіледі.

Азаттық