25 там, 2020 сағат 14:52

"Беларусь оянды". Тихановская ресми Минскіні диалогқа шақырды

Беларусь президенттігіне кандидат болған Светлана Тихановская елдегі саяси дағдарысты шешу үшін ресми Минскіні диалогқа шақырды.

9 тамызда өткен президент сайлауында елді 26 жыл басқарған Александр Лукашенко жеңімпаз деп жарияланған соң елде наразылық шарасы күшейген. ОСК Лукашенко 80 пайыз, Тихановская 10 пайыз дауыс алды деп жариялаған. Халық сайлау нәтижесімен келіспейді.

Қазір Литвада жүрген Тихановская 25 тамызда Еуропарламенттің сыртқы істер комитетімен видеобайланыс кезінде Беларусь билігінен "саяси құқықты құрметтеуді", "саяси тұтқындарды босатуды", "халықты қорқытып-үркітуді" және "қудалауды тоқтатуды" талап етті.

"Беларусь оянды. Біз енді оппозиция емеспіз, біз – халықпыз" деді ол.

Тихановскаяның сөзінше, 23 тамыздағы наразылық шарасына 200 мыңнан аса адам шыққан. Ол "бүкіл әлем елдерін" Беларусь халқының "еркіндік пен әділдікке ұмытылысын", "Беларусь елінің тәуелсіздігі мен шекара тұтастығын" құрметтеуге шақырды.

Тихановская Беларусь билігінің "митингіге шыққан халық зорлық-зомбылық пен бұзақылық жасады" деген мәлімдемесін жоққа шығарды.

"Бейбіт революция болып жатыр" деді ол. Тихановскаяның сөзінше, Беларусьтегі наразылықтың антиресейлік я антиеуропалық сипаты жоқ.