02 қаз, 2020 сағат 22:52

Беларусь билігі барлық шетелдік журналистің аккредитациясын жойды

Беларусь сыртқы істер министрлігі шетелдік баспасөз құралдарына жұмыс істейтін тілшілерді түгелдей аккредитациясынан айырды. Министрлік бұл шешімді шетелдік БАҚ журналистерін аккредитациялау тәртібі өзгергендіктен қабылдағанын айтты.

Министрліктің айтуынша, қазіргі тәртіптің кей ережелері ескірген, олар "медиа саласының даму деңгейіне сәйкес келмейді". Мекеме сөзінше, жаңа тәртіпте аккредитацияны алу тәртібі жеңілдетілген, аккредитацияны қарастыру мерзімі 20 күннен бес күнге азайтылған, ал журналистерге уақытша аккредитация куәлігін өз принтерінен басып шығаруға мүмкіндік берілген.

"Біз көрші елдердің (Польша, Латвия және басқалары) және Франция секілді сөз еркіндігінің тірегі саналатын мемлекеттердің тәжірибесін мұқият зерттедік. ЕҚЫҰ мен Аккредитация институты жөніндегі Венеция комиссиясының ұсыныстары ескерілді" делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік сондай-ақ шетелдік БАҚ журналистерін аккредитациялау сұрақтары жөніндегі комиссияның құрамында жаңартып үлгерген. Комиссия жұмысын 5 қазанда бастайды.

Сыртқы істер министрлігінің айтуынша, жаңа тәртіп "шетелге Беларусь туралы объективті және жан-жақты ақпаратты тарату мақсатында қарым-қатынастың бұрыннан да жаңа, тиімді әрі ашық моделін" қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиа корпорациясы президентінің міндетін атқарушы Дейзи Синделар Беларусь сыртқы істер министрлігінің аккредитациялау жөніндегі шешіміне жөнінде пікір білдіріп, Азаттық радиосының Беларусьтегі жағдай туралы хабар таратуын жалғастыра беретінін, бұл үшін мүмкін болған барлық алаң қолданылатынын айтты.

"Беларусь сыртқы істер министрлігінің шетелдік БАҚ-қа жұмыс істейтін барлық журналистің аккредитациясын жою туралы шешімі көңілімізді қатты қалдырды, бірақ таңғалдырмады" деді Синделар Азаттық радиосы мен өзге де шетелдік баспасөз құралдарына жұмыс істейтін тілшілерге онсыз да қысым көрсетіліп отырғанын, олардың қудаланып отырғанын ескертіп. "Бұл шешім – барлық беларуське белгі беріп отыр. Бұл Лукашенко олардың талаптарына көніп, мемлекеттікінен өзге көзқарасқа жол берейін деп отырған жоқ дегенді білдіреді. Беларусь халқы өздері талап етіп отырған цензурасыз ақпаратқа, ашық әрі әділ дискуссияларға қол жеткізе алуы үшін Азат Еуропа/Азаттық радиосы қолда бар кез келген алаңды пайдалана бермек".

Беларусьтегі тамыз-қыркүйек айларында болған наразылық акцияларынан хабар таратқаны үшін ішкі және шетелдік тәуелсіз БАҚ-тың ондаған журналисі ұсталған болатын. 29 тамыз күні Минск "Настоящее время" телеарнасының журналисі Роман Васюковичті аккредитациясынан айырды. Азаттық радиосы мен ARD неміс телеарнасының тілшілері де, BBC, Reuters, AFP, Associated Press және RFi журналистері де Беларусь сыртқы істер министрлігінің аккредитациясынан айырылған. Ондаған журналист бірнеше күнге қамалып, оларға "бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырудың және өткізудің тәртібін бұзды" деп айыппұл салынды.