20 мамыр күні Сенат Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров Украинаның жаңадан сайланған Президенті Владимир Зеленскийді ұлықтау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты жиыннан кейінгі кездесуде Б.Бекназаров Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен барша Қазақстан халқы атынан Владимир Зеленскийді қызметіне ресми түрде кірісуімен құттықтап, Украина халқының игілігі жолындағы қызметіне табыс тіледі.
Кездесу барысында сондай-ақ Қазақстан мен Украина арасындағы қатынастарға қарқын беру жөніндегі ауқымды мәселелер талқыланды.
Айта кетсек, ұлықтау рәсіміне Латвия, Литва, Эстония, Грузия мен Венгрия президенттері, Чехия сенатының, Әзербайжан парламентінің басшылары, Беларусь пен Арменияның премьер-министрлері, АҚШ энергетика министрі, Грузия, Молдова, Польша, Словакия мен жалпы алғанда елуден аса елдің өкілдері келді.