07 мау, 2021 сағат 15:40

Бекшин: Вирус жұқтырудың төмендеуіне себеп - жаппай вакцина салдыру


Коронавирус індетін вакцина алу арқылы тоқтатуға болады. Бұл туралы онлайн брифинг кезінде Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жандарбек Бекшин Алматы «сары» аймақта болғанымен эпидемиологиялық ахуал әлі де күрделі екенін жеткізді. Десе де, вирус жұқтыру төмендеді. 

«Қалада вирус жұқтырудың төмендеу себебі жаппай вакцина салдыру болды. Қалада қазір 316 мыңнан астам адам коронавируске қарсы екпе алды. Бұл қала тұрғындарының 16%-ы, қалған 5 пайызы ауырып шыққандар. Жалпы қоғамдық иммунитеттің қалыптасуы 21%-дан асты. Осының әсерінен қалада виурстың таралуы төмендеді. Екіншіден, жіті жүргізілген шектеу шараларының пайдасы тиді. Сондай-ақ қала ішіндегі қауіпті ошақтардың барлығын заласыздандырып отырдық»,- деді ол.

Сонымен қатар, Бекшин қала тұрғындарын вакцина алуға шақырды, өйткені бұл процесс ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін маңызды. 

«Бұл өзіңе, жақындарыңа деген жауапкершілік. Әркімнің екпе алуы маңызды. Бірқатар адамдар ауруға төзбейді, олардың денсаулығы. сақтау бізге байланысты», - деді ол.

Еске салайық, Алматыда медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың СОСО-да 211 вакцина пункті жұмыс істейді (250-ге дейін ұлғайту мүмкіндігімен). 1 257 адамнан тұратын 304 егу бригадасы бар.