09 жел, 2020 сағат 18:23

Бекшин: Отандық вакцинаның тиімділігі - 96 пайыз

Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында отандық вакцинаның сапасы туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазір биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының базасында отандық вакцина шығару мәселесі қарастырылып жатыр. Біз тестілеудің екінші кезеңі аяқталғанын білеміз. Және ол сәтті өтті. Отандық вакцинаның тиімділігі 96% деген ақпарат бар. Енді Үкімет, Денсаулық сақтау және Білім және ғылым министрлігі отандық вакцина өндірісін бастау мәселесін реттеп жатыр.Сынақтан өткізудің үшінші кезеңі Тараз бен Алматыда өтеді. Тіркеуден кейін оның өнеркәсіптік өндірісі басталады», - деп атап өтті Жандарбек Бекшин. 

Сондай-ақ, Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы вакцина салдыруға дайын екенін атап өтті.

«Мен коронавируспен ауырдым. Енді дәрігерлермен кеңесемін, егер иммунологтар вакцина салдыруға рұқсат берсе, онда мен де коронавирусқа қарсы екпе аламын», - дейді қаланың бас санитар дәрігері.

Еске салайық, 4 желтоқсан күні Премьер-Министр Президентке клиникалық сынақтың 1 және 2-кезеңі аяқталғанын мәлімдеді. 

Асқар Маминнің айтуынша, вакцинаның кері әсері анықталған жоқ және оның жоғары тиімділігі тіркелді. 

25 желтоқсаннан бастап клиникалық сынақтардың 3-ші кезеңінде аталған вакцина 3 мың еріктіге егіледі. Сынақ 2021 жылы наурыздың соңына қарай аяқталады.