Бүгін Мәжілістегі еліміздің көші-қон мәселелеріне арналған Үкімет сағатында депутат Бекболат Тілеухан Қазақстанға келіп азаматтық ала алмай жүрген қандастарымыздың жағдайын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жасыратыны жоқ Қытайдан, Өзбекстаннан, алыс-жақын шетелден Қазақстанға азаматтық аламыз деп тарихи отанына келіп, босып жүрген халықтың саны көп. Осында құжатын реттей алмай сандалып жүрген азаматтарды елімізде заңсыз жүрсің деп айыптап, соттың шешімімен шығарып жатқанымыз да өтірік емес. Біздің атымызға бала-шағасы, отбасы мүшелері жан-жаққа шашылып кеткен азаматтардан арыз-шағымдар көптеп түсуде. Қандай да бір үкіметтік жеңілдіктермен құжатын реттеп беруді сұрап отырған ел көп-ақ», - деді депутат.
Мәселен, оның айтуынша, Қарақалпақстаннан Ерейментауға 2007 жылы көшіп келгеннен бері бүгінгі күнге дейін Үкіметтен берілетін квотасын да, құжатын да реттей алмай жүрген адамдар әлі де мол.
«Жасыратыны жоқ, көбінесе келетін адамдардың барлығы бірдей аса сауатты емес. Диқандар, малшылар келеді. Мысал үшін Қытайдан келген 24 жастағы жігіт тарихи отанының азаматы боламын деген ниетпен Алматы облысына құжат тапсырды. Ықтияр хатын күтіп жүргенде үш ай толмай елде заңсыз жүрсің деп айыптап, ұстап, еліне қайтсын деген соттың шешімі шықты. Енді жоқ ағайын, сыбырлағанды құдай естімей ме?! Қытай билігінің бүгінгі саясаты қазаққа аса қолайлы болып отырған жоқ. Ол жерде әрі-сәрі күйге, тағдырдың талқысына түсіп қалған қандастарымыз қаншама. Ондай нәрсені жүрегіміздің түпкірімен жете түсінбесек те болмайды. Жалпы көмектесуден гөрі кедергі жасау оп-оңай», - деді Бекболат Тілеухан.
Оның атап өтуінше, бөлініп-жарылған отбасылардың қайта қосылуына ықпал жасауға негіз болатын халықаралық ратификациялар, комиссиялар, Хельсинки, Вена, Женева конвенциялары бар.
«Соған сүйене отырып бір қайран жасауға болмай ма? Қандастарымыз босып кетті ғой, шын мәнінде қиналып жатыр», - деді ол.