29 жел, 2021 сағат 12:03

Бекболат Тілеухан әріптестерінен кешірім сұрады

Өкілеттігі тоқтаған экс-депутат Бекболат Тілеухан Мәжіліс отырысында ағынан жарылып, әріптестерінен кешірім сұрады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Нұрлан Зайроллаұлы, асыра мақтап жібердіңіз. Осы мақтауға лайықты екеніме күмәнім бар. Дегенмен ағалық ниетіңізге, әріптестік көңіліңізге шын жүректен алғысымды білдіремін.

Сіздермен жұмыс істеген сәтім – өмірімнің бір белесі, бір кезеңі, бақытты, жақсы шағым.

Әуелі тайымда танып, тұлпардай қылып топқа қосқан Елбасыға рахмет. Нұрағамыздың бастаған жолын ары қарай жалғастырып жатқан Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының қамқорлығына, жасап жатқан марапаттарына шексіз алғысымды білдіремін. Парламент қабырғасындағы өмірім өте бір сәтті кезең деп білемін. Енді, қай жерде елге, мемлекетке пайдам көбірек тиеді, сол жерде болғанды міндет деп танығандықтан, өмірдің келесі кезеңіне қадам басып жатырмын.

Біраз жұмыс істедік, артық айтқан сөзіміз болса, жаза басқан жеріміз болса, кейбір әріптестерімнен кешірім сұраймын, ғафу өтінемін", - деді Тілеухан.

Экс-депутат қарапайым сайлаушы ретінде әріптестеріне өз аманатын да жеткізді.

"Сондай-ақ сөз-түйінді айтарым бар ғой, ағайын. Қазақ дейтін ұлттың тілінің, мәдениетінің, тарихының, ғылымының, руханиятының, салт-дәстүрінің Қазақстан Республикасынан басқа барар жері, басар тауы жоқ, басқа дамитын жері жоқ. Қазақ – ол шабуылшы жұрт емес, қорғанушы жұрт, тарихта есесі кеткен жұрт. Осы нәрсе естеріңізде болып, парасат көздеріңіз тарихи санамен, мемлекетшілдік оймен әрқашан жүректеріңіздің түкпірінде тұрса екен деген өтінішім бар. Мұны депутат ретінде емес, сайлаушы ретінде айтып отырмын. Істеріңізге береке тілеймін", - деді Тілеухан.

Еске сала кетейік, мәжіліс отырысында депутат Бекболат Тілеуханның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұловтың айтуынша, ол міндеттерін атқарудан өз еркімен босату туралы өтініш берген.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин әріптесіне жаңа қызметте сәттілік тілеп, алғыс хат табыстады. 

Сондай-ақ, экс-депутат Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының бірінші вице-президенті болып тағайындалды.