29 қаз, 2020 сағат 14:05

Bek Air жолаушыларға 34 млн теңге қайтаруға міндеттелді

Алматыда Түрксіб аудандық соты ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің «Bek Air» АҚ әуе компаниясының тоқтатылған рейстерінің билеттерін қайтару туралы арызын қанағаттандырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Комитет 535 адамның 33,8 млн теңгесін даулаған болатын. 

Бір күн бұрын болған сот отырысында прокурор әуе компаниясынан тұтунышының еркінен тыс ұшпай қалған рейс билеттерінің құнын қайтару туралы сұраған болатын.

Бұл - комитеттің әуе компаниясына қатысты беріп отырған үшінші арызы.

Айта кету керек, 16-26 қазанда апелляциялық коллегия «Bek Air» компаниясының шағымын қанағаттандырусыз қалдырған еді.

Осылайша екінші, үшінші шағымдар заңды күшіне енді.

Енді қаражатты қайтару «ҚР Атқару өндірісі мен сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңына сәйкес жүзеге асырылады.

«Bek Air» әуе компаниясының жұмысына байланысты шағымдардың толастамауына орай комитет тағы да төртінші рет сотқа жүгінуі мүмкін.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан Бекэйр компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті. 

Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды. 

Ұшақ жерге құлаған соң сырғанап барып әуежай аумағына жақын тұстағы ауыл шетіндегі екі қабатты үйге соғылған. Салдарынан 12 адам қаза тапты. Осыдан кейін Bek Air әуе компаниясына тиесілі тоғыз Fokker-100 ұшағының қызметі тоқтатылды.