17 қаң, 2018 сағат 22:02

BBC-дің Орыс қызметі "Киргизия" атауын қолданбайтын болды

BBC-дің Орыс қызметі мақалаларында кейбір постсоветтік елдердің атауларын өзгертті. «Белоруссия - Беларусь, Киргизия – Қырғызстан, Түркмения - Түркіменстан, Молдавия - Молдова болады», деп хабарлады Орыс қызметінің редакторы Фамиль Исмайлов.

Ол бұл туралы жазған блогында мемлекет атаулары төңірегіндегі пікірталас бұрыннан барын айтады. КСРО ыдыраған соң, тәуелсіз республикалар атауларын өзгерткен.

"Біз мақалаларымызда совет заманындағы оқулықтарда жазылған мемлекет атауларын қолданып келдік. Бірақ оны да өзгертетін уақыт келді" деп түсіндірді редактор.

Қырғызстан - Қырғыз Республикасының ресми қысқартылған атауы. Ел Конституциясының қырғыз және орыс тілдеріндегі нұсқаларында Қырғызстан деп көрсетілген. Бірақ ресейлік ақпарат құралдары әлі күнге дейін Киргизия атауын қолданып жүр.