Арам өлген малдың еті базарларда сатылып жатыр деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Төлеутай Рақымбеков мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Бұл ақпаратқа сенуге болмайды. Соңғы кездері әлеуметтік желілерде түрлі қауесеттер тарап жатыр, оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру жүйесіне қатысты шындыққа жанаспайтын ақпараттар бар. Базарларда тиісті біздің ветеринарлық қызметтер жұмыс істеуде. Сондықтан олардың рұқсатынсыз ет сатылмайды», - деді Рақымбеков.
Естеріңізге сала кетейік, таяуда әлеуметтік желілер мен мессенджерде су тасқыны болған аймақтарда арам өлген малдың еті базарларда сатылып жатыр деген ақпарат тараған болатын. Осы орайда мал етін сатып аларда аса сақтықпен тексеріп алу туралы ескертулер айтылған еді.