«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқармасының шешімімен Нұржан Нұрланов «Бәйтерек» холдингінің басқарушы директоры болып тағайындалды, деп хабарлайды «Ұлт Ақпарат» холдинг баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұрланов Нұржан Нұрланұлы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетін мұнай-газ ісі мамандығы бойынша бітіріп, техника және технология бакалавры дәрежесін, Ұлыбританиядағы American InterContinental University-ді бизнес-әкімшілендіру мамандығы бойынша бітіріп, бакалавр дәрежесін, Уэльс университетін бітіріп, маркетинг мамандығы бойынша магистр дәрежесін алып шыққан, экономика ғылымдарының кандидаты. «KAZNEX INVEST» Экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ-да менеджер, Инвестициялық ынтымақтастық департаментінің директоры, Өңірлік ынтымақтастық қызметінің басқарушы директоры болып қызмет еткен.
ҚР Премьер Министрінің Канцеляриясында жергілікті даму бөлімінің эксперті (2012-2013), «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ финанс жөніндегі басқарушы директоры (2013-2014), «ҚазТрансГаз» АҚ газ маркетингі жөніндегі басқарушы директоры (2014-2015), «ҚазТрансГаз» АҚ маркетинг және коммерция жөніндегі басқарушы директоры (2015-2016), «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директордың техникалық саясат жөніндегі орынбасары (2016-2018) лауазымдарын атқарған.