Қызылорда облысы Байқоңыр қаласында «Вконтакте» әлеуметтік желісінде діни алауыздықты қоздыруға бағытталған уағыздарды таратқан азамат сотталды.
Жоғарғы соттың баспасөз қызметінен хабарлағандай, Байқоңыр қалалық сотында ҚР Қылмыстық Кодексінің 174-бабының 1-бөлігі бойынша (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) қылмыстық іс қаралған.
«Анықталғандай, сотталушы ұялы телефоны арқылы «Вконтакте» әлеуметтік желісінде парақша ашқан. Сол парақшаға Абдусаллям-Аль уаля уаль баро, Назратуллах абу Марьям және Октам Заурбеков атты авторлардың діни алауыздықты қоздыруға бағытталған әрекеттері бар діни уағыздарды сақтап, оларды 2018 жылдың мамыр айында әлеуметтік желі пайдаланушыларына таратқан», - деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметінен.
Сот үкімімен Байқоңыр тұрғыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығы шектелді.