Фото: Gov.kz
Kazakh Tourism «Байқоңыр» кешенін болашақтың жаһандық платформасына, оқиғалық, ғылыми және өнеркәсіптік туризмнің ордасына айналдыруға бағытталған туризмді дамыту тұжырымдамасының жобасын ұсынды, деп хабарлайды Ult.kz.
Travelpress.kz хабарлауынша, аты аңызға айналған ғарыш айлағының 70 жылдығы аясында әзірленген бұл құжат зымырандарды ұшыру аралығындағы кезеңдерде туристік экожүйені дамытуға бағытталған.
Құжат жобасы «Baikonur: from Silk Way to Milky Way» фасилитациялық сессиясында туристік сала, ғылым, бизнес және мемлекеттік сектор өкілдерінің назарына ұсынылды. Оған қатысушылар тұрақты турларды дамыту, инфрақұрылымды жақсарту, жаңа маршруттар құру, Байқоңыр брендін нығайту, инвестициялар тарту және серіктестікті дамыту мәселелерін талқылады.
Kazakh Tourism басшысы Қайрат Сәдуақасовтың атап өтуінше, зымырандарды ұшыру аралығындағы кезеңдерде турларды дамытуға назар аудару тұрақты туристік ағымды қамтамасыз етуге, инфрақұрылымды пайдалану тиімділігін арттыруға және кешеннің логистикасына маусымдық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, 2025 жылы Kazakh Tourism және ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитетіне қарасты «Инфрақос» РМК «Байқоңыр» кешенінің алаңдарында ғарыштық туризмді, астротуризмді және мәдени-танымдық туризмді бірлесіп дамыту бойынша консорциум құрған болатын.