"Біз жеңуге жақын қадық" деді АҚШ президенттігінен үміткер, Демократиялық партия өкілі Джо Байден Делавэр штатының Уилмингтон қаласында жақтастарының алдында жұма күні түнде сөйлеген сөзінде. Байден өткізген жиынға вице-президенттіктен үміткер, калифорниядан сайланған сенатор Камала Харрис қатысты.
BBC-дің хабарлауынша, Байден бұл сайлауда АҚШ сайлаушылар алқасының 300-ден астамының дауысын жинайтынын айтқан. Оған шамамен 74 миллион адам дауыс берген, бұл – АҚШ тарихындағы ең үлкен көрсеткіш.
Жалпы АҚШ бойынша Байден Трамптан 4 миллиондай көп дауыс алған.
Байден коронавирус пандемиясымен күресіп, экономиканы оңалтуда, климаттың өзгеруімен күресіп, нәсілшілдікті жоюда Америка халқы өзіне сенім білдіргенін айтты.
Ол президент сайлауында қазіргі мемлекет басшысы Дональд Трампты жеңуге санаулы қадам қалды деді.
Демократиялық партия атынан үміткер Джозеф Байден қазір сайлаушылар алқасында 253 дауысты алып тұр. Президент болып сайлану үшін 270 дауыс жеткілікті. Дауыс нәтижесі әлі айқын емес Джорджия, Невада, Пенсильвания және Аризона штаттарының бәрінде Байден аз-маз басымдықпен жеңіп келеді.
Жеңіске жетсе, Байден келер жылғы 20 қаңтарда АҚШ президенті қызметіне кіріседі.
Аса тартысты өткен сайлау науқанында ол "саясаттан тотияйынды алып тастап", "бір-бірімізге құрметпен қарайтын" кез келді деді.