17 қар, 2020 сағат 12:51

Байден: Трамп әріптестіктен бас тарта берсе, коронавирустан көбірек адам зардап шегуі мүмкін

АҚШ-тағы президент сайлауының жеңімпазы атанған Джо Байден қазіргі президент Дональд Трамп вакцинаға байланысты ақпарат беруден бас тартып, бұдан былай қарай да әріптестік орнатуға ықылас танытпаса, зияны қарапайым азаматтарға тиеді деп ескертті. "Егер бірігіп әрекет етпесек", вирустан зардап шеккендер көбеюі мүмкін деді Байден.

16 қараша күнгі баспасөз жиынында алдыңғы президенттен ақпаратты уақытында алмаудың салдары туралы сұраққа жауап берген Байден осылай деді.

Дональд Трамп 3 қараша күнгі президент сайлауда жеңілгенін мойындаған жоқ және еш дәлел келтірмей, Байден командасын айыптауын қойған жоқ.

АҚШ-та коронавирустың "үшінші толқыны" басталған. Мұнда күніне шамамен 130 мың адамнан коронавирус инфекциясы анықталып жүр. Осы апта соңына дейін коронавирустан қайтыс болғандар 250 мыңға дейін жетуі мүмкін. Бұл әлем бойынша ең жоғары көрсеткіш.

Осыған дейін АҚШ-тың екі ірі компаниясы Covid-тен кемінде 90 пайыз қорғай алатын коронавирус вакцинасын әзірлеп болғанын, бірнеше аптада таратуға дайын екенін де мәлімдеген.

Алайда Байден вакцинаны бірінші кезекте денсаулығы сыр берген адамдарға тарату қалай болар екен деп тиімділігіне күмәнданған. Бірақ "20 қаңтар - инаугурация күніне дейін көбірек ақпаратқа қол жеткізетін шығармын" деп үміттенетінін жеткізген.