АҚШ-тағы президент сайлауының жеңімпазы Джо Байден Ллойд Остинді қорғаныс министрі етіп тағайындайтынын мәлімдеді. Отставкадағы генерал кандидатурасын конгресс қолдаса, Остин Пентагонды басқаратын алғашқы афроамерикалық азамат атанады.
Заң бойынша, Пентагон басшысы қызметіне тағайындалатын адам отставкада кемінде 7 жыл болуы тиіс. 67 жастағы Остин зейнетке 2016 жылы шыққан. Сол себепті бұл қызметке отыру үшін оның кандидатурасын конгрестің қос палатасы мақұлдауы керек. Қорғаныс министрлігін 2017-2019 жылдары басқарған Джеймс Мэттис те Пентагон жетекшісі болар алдында конгрестен рұқсат сұраған еді.
Америка ақпарат құралдары Остинді "көпшілік көзіне түсуден қашқақтайтын адам" деп сипаттайды. Ол 2013-2016 жылдары АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскерін бақылайтын орталық қарулы күштер басқармасының жетекшісі қызметін атқарған.
Остинді "Америкаға қажет адам" деп сипаттаған Байден оның кандидатурасын тезірек мақұлдауға шақырды.
Сыншылар жақында ғана отставкаға кеткен генералды Пентагон басшысы етіп тағайындауды орынсыз шешім деп санайды.
Байден алдағы уақытта Америка қоғамының шынайы бейнесін көрсететін кабинетті таныстыруға уәде етті. Қаржы министрлігінің хатшысы қызметіне алғаш рет әйел адам - Джанет Йеллен тағайындалмақ. Алехандро Майоркас - АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігін басқаратын алғашқы иммигрант болмақ.