19 ақпан күні "Үлкен жетіліктің" виртуалды саммитінде АҚШ президенті Джо Байден кедей елдердегі вакциналау бағдарламасына 4 миллиард теңге бөлетінін мәлімдемек. Бұл туралы Ақ үй хабарлады.
АҚШ коронавирус вакцинасын әлем елдеріне әділетті үлестіруді көздейтін СOVAX халықаралық бағдарламасына екі миллиард доллар бөлмек дейді Ақ үйде жұмыс істейтін шенеуніктердің бірі. Қалған елдер өз міндеттерін орындаса, екі жыл ішінде тағы екі миллиард доллар бөледі деді ол.
COVAX – елдердегі тұрмысы төмен халықтың кемі 20 пайызын вакцинамен қамтамасыз етуді көздейтін ғаламдық жоба. Бағдарлама кедей елдерге вакцинациялау ісінде көмектесу үшін құрылған.
"Үлкен жетілікке" АҚШ, Германия, Жапония, Ұлыбритания, Франция, Канада және Италия кіреді.
19 ақпан күні кедейлікпен күресетін One Campaign ұйымы бай елдердің өздеріне керек мөлшерден бір миллиард дозаға артық Covid вакцинасын алатынын айтып, өз есебін жариялады. One Campaign вакцина кедей елдерге қалдық қағидасы бойынша берілмек дейді. Ұйымның пікірінше, АҚШ пен Ұлыбритания секілді бақуатты елдер өздеріне қажет мөлшерден артық вакцинасын басқаларға үлестіріп беріп, пандемияға қарсы ғаламдық іс-қимылды күшейтуі керек.
АҚШ-тың бас инфекционисі Энтони Фаучи АҚШ-тың пандемияға дейінгі "қалыпты өмірге" жыл соңында оралатынын айтты. Сөйте тұра ол жаңа штамдардың пайда болуы секілді АҚШ-тағы індет ахуалына әсер етуі мүмкін бірқатар факторды атады.