06 мам, 2021 сағат 12:10

Байбектің өкілі тараптардың медиация тәртібімен татуласуы жөнінде пікір білдірді


Сотта Бауыржан Байбектің мүддесін қорғайтын заңгер Айжан Ташенова өзінің Facebook желісіндегі парақшасында Жанболат Мамай мен Инга Иманбайға қарсы істің жүру барысы жөнінде айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Құрметті достар! 

Б.Байбектің ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау туралы Ж. Мамай мен И.Иманбаеваға қатысты берген талап арызыма байланысты сот кеше тараптарды медиация жүргізу үшін 6 мамырға әңгімелесу тағайындағаны туралы хабардар етті.

Хабарламаға сәйкес татуластыру процесі онлайн режимде телефон арқылы өтеді. 4 мамырдағы жазбамда мен жауапкерлерді алдағы әңгіме туралы қосымша хабардар ете отырып «тегтедім». 

Азаматтық процестік кодекстің 150 және 174-баптарына сәйкес сот тараптарға процестің барлық сатысында дауды реттеуге жәрдемдесе отырып, олардың татуласуы үшін шаралар қабылдайтынын түсіндіріп өтейін.

Бұған дейін хабарлағанымдай, Б.Байбек азаматтық іс қараумен шектеліп, жауапкерлерді қылмыстық және әкімшілік қудалаудан бас тартты. Оның басты мақсаты – Ж.Мамай мен И. Иманбаева таратқан мәліметтердің жалған екенін дәлелдеп, өзінің абыройын қалпына келтіру.

Осылайша, 5 күн бұрын мен Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның жалған дәйектерін толығымен жоққа шығаратын 20-дан астам ресми құжат (сот шешімдері, әкімдік қаулылары және т. б.) тізімделген талап арыз жарияладым. Сонымен қатар бұл материалдар сол кездегі барлық шешім тек қоғам мен мемлекет мүдделері үшін қабылданғанын көрсетеді. Осы фактілердің барлығы Б.Байбектің 19 сәуірдегі сұхбатында баяндалды.

Сонымен қатар, жауапкерлер негізсіз және дәлелсіз айыптаулары бар бейне және баспа материалдарын YouTube пен әлеуметтік желілерде салуын жалғастырып жатыр.

Осыған қарамастан, біз медиативті келісім жасасуға (татуласуға) және сот процесі басталғанға дейін жағдайды келесі шарттармен шешуге дайынбыз. Сонымен, жауапкерлер:

1) тиісті әлеуметтік желілерде және YouTube-та Б.Байбекке қатысты жалған, негізсіз мәліметтерді теріске шығаруы керек;
2) менің сенім білдірушімнің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін материалдарды алып тастауы тиіс.

Сөз соңында айтарым, осы тақырып бойынша хайп қумау жайлы өтініштеріме қарамастан, бұл Азаматтық процестік кодекстің талаптарына заңды түрде сәйкес келмейтіні туралы пікір білдіретін кейбір пайдаланушылар тарапынан қоғамды осы талап арыздың мән-жайынан алшақтатуға әрекеттер жасалғанын көріп жүрмін.

Мен талап арыз заңның барлық талаптарына толығымен сәйкес келетінін жауапкершілікпен мәлімдеймін. Оның мәтіні (тараптардың жеке деректерін қоспағанда) менің 30 сәуірдегі жазбамда қоса берілген, осылайша әрбір адам оған көз жеткізуі керек.

10 жұмыс күні ішінде сот талап арызды іс жүргізуге қабылдау немесе оны қайтару туралы ұйғарым шығарады, сол арқылы осы мәселеге нүкте қояды.

Сіздерге осы азаматтық іс жүргізудің барысы туралы әрі қарай да хабарлайтын боламын" деп жазды адвокат.