Алматы әкімі Бауыржан Байбек бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарынан көрінгіміз келсе, ОЭСР стандарттарына сай реформаларды жүзеге асыру тиіспіз деп есептейді. Бұл туралы ол ОКҚ-да өткен баспасөз мәслиxатында мәлімдеді, деп xабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Жаңаны құру экономика үшін тиімді. Егер Еуропа, АҚШ секілді өмір сүргіміз келсе сол елдердей реформалар қабылдауымыз керек. Үлкен табысқа жеткен елдер реформаның қарапайым жолымен жүрмеген. Бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарынан көрінгіміз келсе, ОЭСР стандарттарына сай реформаларды жүзеге асыруға тиіспіз. Бұл ең алдымен, өмір сүрудің жоғары деңгейі, жаңа әрі тиімді экономика. Ал әкімдер үшін маңызды міндет - өмір сүру стандарттарының сапасын жақсарту. Осы мақсатты іске асыру барысында халықаралық «McKinsey» сарапшыларының қатысуымен «Алматы-2020» бағдарламалық реформасы қабылданды және ол көпшіліктің талқылауынан өтті, қазіргі кезде ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр», - деді Бауыржан Байбек.
Сонымен бірге қала әкімі әлеуметтік желіде қатаң сынға алғандарға жауап берді.
«Биыл бәрін қайта қазып тастады деп бізді қатты сынға алды. Біз оларға үш ай шыдаңыздар, 5-10 жылдан соң осы көшелер үшін қуанатын боласыздар дедік. Осылай болды. Жоба басталғанда тұрғындардың бәрі бұл жұмысқа жақсы қарады деп айта алмаймыз. Әлеуметтік желі де, БАҚ та сынады. Бірақ үнемі адамдар бейімделуі үшін тепе-теңдікте ұстап тұру керек. Жаңаның бәрі кедергі келтіреді. Алға жылжу үшін орынды есептеу керек қой», - деді ол.
Әкім тұрғындардың пікірін сұрамайды деген сын да жауапсыз қалмады.
«Біз мұны екі жыл бұрын талқылаған кезде оған көпшілік жәй ғана талқылап қоя салады деп назар аудармады. Бәріңізге «Алматы-2020» бағдарламасын оқыңыздар деймін. Сол жерде 100 индикатор бар. Қазіргі атқарылып жатқан жұмыстардың бәрі сонда жазылған», - деді Бауыржан Байбек.