11 жел, 2021 сағат 19:56

Байбек «Nur Otan»-ның ақындар айтысын ұдайы қолдайтынын айтты


Елордада «Nur Otan» партиясының қолдауымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – қасиетім, қастерлім!» атты «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы басталды. Екі күнге созылатын аламан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылып отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Дүбірлі думанда сөз алған «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ел Тәуелсіздігінің мән-маңызы мен ұлт мәдениетін өркендетудегі ықпалына кеңінен тоқталды. 

«Біз қысқа уақытта ғасырға татитын жолды жүріп өттік. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен қол жеткен табыстарымыз орасан. Ең бастысы, Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, елдігімізді орнықты еттік. Мемлекеттілікті баянды етер ауқымды істер жолға қойылды.


Айтыстың ұлттық өнер ретінде сақталуы, руханиятымызға еркін жол ашылуы да – Тәуелсіздіктің арқасы. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы уақытында «Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты» деп атап көрсетіп, өркениетті ұлт өзінің төл мәдениеті арқылы ғана басқа елдерге танылатынын айтты. Тәуелсіздік алған сәттен бастап ұлт мәдениетіне ұдайы қамқорлық танытып, мемлекеттік қолдау көрсетті. Арнайы «Мәдени мұра» бағдарламасын ұсынып, оның аясында қаншама құнды жәдігерлер, жазба деректер жинақталып, рухани қазынамызды байытты, көптеген мәдени ошақтар жаңғыртылды. Елбасының бұл ауқымды жобасы кейіннен «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламаларына ұласқанын Өздеріңіз жақсы білесіздер. Жақында Елбасымыз «Елдіктің 7 тұғыры» атты қағидаттар жинағын жариялады. 30 жылдық дамуды қорытындылаған, келер ұрпаққа аманат ретінде айтылған бұл Жеті тұғыр – «Мәңгілік Ел» болуға бастайтын нақты қағидаттар», – деді Бауыржан Байбек. 

Сондай-ақ ол «Nur Otan» партиясының Саяси тұғырнамасында «қазақ тілін, мәдениет пен дәстүрді дамыту – стратегиялық басымдығы» екендігі нақты көрсетілгенін алға тартты. Соның аясында партия ұлттық мәдениетке, өнерге, оның ішінде айтысқа басымдық беріп, ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Ұлттық құндылықтар бағытындағы іс-шаралар «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында топтастырылып, жүйелендірілген. Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында биылдың өзінде 200-ге жуық мәдениет нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл басынан бері «Nur Otan»-ның қолдауымен елімізде 49 ақындар айтысы өтті.