«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек aikyn.kz-ке берген көлемді сұхбатында Елбасының өз президенттік өкілеттігін тоқтатуына бір жыл толуына орай өз ойын ортаға салып, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның қалыптасуындағы рөлі жайында кеңінен әңгіме өрбітті. Сондай-ақ әлемді шарпыған коронавирустың өршуіне байланысты партия тарапынан жұртшылыққа көмек қолын созу бойынша қолға алынған шараларды да тілге тиек етті.
Партия төрағасының Бірінші орынбасары бүгінде әлемнің бүкіл елі дерлік коронавируспен белсенді күрес жүргізіп жатқанын, бұл індеттің бізді де айналып өтпегеніне тоқталды. Адамдардың қалыпты тіршілігі өзгерді – елімізде алғаш рет төтенше жағдай енгізілді, екі ірі қалада карантин жарияланды. Премьер-Министрдің төрағалығымен Мемлекеттік комиссия қалыптасқан ахуалға орай тиісті шараларды қабылдауда.
«Сонымен бірге біз тап осы тұста ауызбіршілік көрсетіп, өз қауіпсіздігіміз бен жақындарымыздың амандығы үшін жауапкершілік танытуымыз керек. Коронавируспен күрестің тиімділігі әрқайсымызға, әрбір азаматтың саналы әрекетіне байланысты болмақ. Сондықтан осынау қиын кезеңде Елбасы, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бастамасымен ерекше мұқтаж қазақстандықтарға және пандемиямен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерге қолдау көрсету үшін республикалық акция басталды» - деді Бауыржан Байбек.
Еске сала кетейік, акция аясында Тұңғыш Президент Қоры 200 миллион теңге бөлді. Бұл қаражат медицина қызметкерлеріне сыйлықақы беруге, қосымша медициналық маскалар мен залалсыздындырғыш құралдар сатып алуға жұмсалады. Қаражаттың бір бөлігі балалар үйлері мен мамандандырылған ауруханаларды азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталады.
«Nur Otan» өз кезегінде «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобалары аясында мұқтаж жандарды антисептикалық құралдармен және бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз ету үшін 150 млн. теңге бөлді. Партияның Орталық аппараты мен филиалдарының қызметкерлері осы акцияны қолдап, вируспен күреске өздерінің бір күндік жалақыларын аударды.
Оқырмандар сұхбатпен толығырақ aikyn.kz сайтынан таныса алады: https://aikyn.kz/b-bajbek-elbasy-bastaghan-agha-urpaq-eldikti-qajta-zhangghyrtty-memleketimiz-engsesin-tiktedi-senimi-nyq-ertengi-eren-ult-bolyp-ujystyq/