29 мау, 2019 сағат 13:20

Бауыржан Байбек жаңа қызметке тағайындалды

Алматы қаласының экс-әкімі Бауыржан Байбек «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары болды. Бұл туралы Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter-де жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті таныстырды», - деді ол.

«Елбасы, Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары болып Бауыржан Байбек тағайындалды. «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев осы қызметті атқарған Мәулен Әшімбаевқа жасаған жұмысына ризашылығын білдіріп, саяси ұйымның алдында үлкен міндеттердің тұрғанына  партиялықтардың назарын аударды», - делінген партияның ресми сайтында.


Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбек 1974 жылы 19 наурызда дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Ұлты - қазақ. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Гете институтын (Бремен қаласы, 1995) - «Неміс тілі»; «Болашақ» бағдарламасы бойынша Любек қаласындағы Жоғары мектепті (ГФР, 1998) - «Педагог»; Орталық Азия университетін (2002) «Халықаралық экономист» мамандықтары бойынша бітірген. Ағылшын және неміс тілдерін еркін меңгерген. 1999 жылдан - Майндағы Франкфурт қаласы ҚР Бас консулдығының референті, атташесі - ГФР-дағы ҚР Елшілігі экономикалық бөлімінің үшінші хатшысы (Берлин қаласы).  2002 жылдан - ҚР Президенті Әкімшілігі Жүйелі зерттеулер орталығының сарапшысы. 2003 жылдан - ҚР Президенті Хаттамасының ақпарат және талдау секторының меңгерушісі, 2004 жылдан - бас инспекторы, 2006 жылдан - Хаттама жетекшісі. 2009 жылдың тамыз айынан бері - ҚР Президенті Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары. 2013 жылдың қаңтарынан бастап «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары. 2015 жылдың тамызынан осы уақытқа дейін Алматы қаласының әкімі болды.

ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясы стипендиаттары қауымдастығы кеңесінің (2008 жылдан); Қазақ гуманитарлық заң университеті Қамқоршылық кеңесінің (2010 жылдан) төрағасы. С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Қамқоршылық кеңесінің (2010 жылдан) мүшесі. 

«Хаттамалық іс-шараларды қамтамасыз ету бойынша тәжірибелік нұсқаулық» (2007, екі тілде), «Қазақстан Республикасының мемлекеттік хаттамасы» (2010) кітаптарының авторы; «Қазақстан Республикасының мемлекеттік хаттамасы» (2004) кітабының бірлескен авторы; «Президенттің бір жылы» (2006, 2007) кітабының құрастырушысы; 6 мақаланың, соның ішінде «Мемлекеттің сыртқы саяси қызметіндегі хаттама» (2010), «Шетелдік мемлекеттердің хаттамалық қызметін институттандырудың кейбір аспектілері туралы» (2010) және т.б. жарияланымдардың авторы. «Nur Otan» партиясының мүшесі (2002 жылдан). 

«Құрмет» (2008) орденімен; «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдарымен; ҚР Президентінің Алғыс грамоталарымен (2001, 2010) марапатталған.