05 шіл, 2019 сағат 08:53

Бауыржан Байбек алғашқы сапарын Арыстан бастады

Апаттан зардап шеккен халықпен кездесуде Бауыржан Байбек бұл төтенше жағдайдың бүкіл халықты алаңдатқан ауыр оқиға болғанына назар аударды.

– Қазіргі таңда барша қазақстандықтар жұдырықтай жұмылып көмек қолын созуда. Мемлекет тарапынан да нақты шаралар қолға алынып жатыр. Осыған байланысты Елбасының тапсырмасымен қалпына келтіру жұмыстарына партия тарапынан қоғамдық бақылау күшейтіледі. Бұл жұмыстар Мемлекет Басшысының да басты назарында, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Бүгінде Арысты қалпына келтіру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Қала 17 секторға бөлініп, әрқайсысы еліміздің әр аймағына бөлініп берілген. Бауыржан Байбек бұл жұмыстар партияның басты назарында болып, апта сайын аймақтардың атқарған жұмыстарының нәтижелері жарияланатынын жеткізді.

– Әр аптаның соңында Арысты қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы мәліметтерді жинақтап, оның нәтижесін ашық түрде халыққа жариялап отырамыз. Қай облыстың қалай жұмыс істеп жатқанын халық көріп, білуі керек. Әрине әр аймаққа бөлініп берілген секторлардың жағдайы біркелкі емес. Сондықтан нақты нәтиже мен дәйекті деректерге сүйеніп әрекет етеміз, – деді Бауыржан Байбек.

Сондай-ақ ол «Nur Otan» партиясының гуманитарлық көмектер қабылдап, арыстықтарға жіберу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізгенін атап өтті.

– Мұндай жағдайда елдігімізді көрсетіп, осы қиындықты бекем бірлігімізбен еңсеріп шығуымыз керек. Бұл жұмыстарда партия тарапынан тұрақты қолдау болады. Осы ретте жасотандықтардың белсенділігін де ерекше атап өткім келеді. Біздің партияның жастары еріктілерді бастап, өздері осы жаққа келіп, тікелей үлес қосып жатыр, – деген Бауыржан Байбек бүгінде кейбір жастардың атқарылып жатқан жұмыстарды сынап, елдің арасына іріткі салып жатқанына да назар аударды.

Сонымен қатар сапар барысында Бауыржан Байбек Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге апаттан зардап шеккен әлеуметтік нысандарды да аралап, оларды қалпына келтіру жұмыстарының жай-күйімен танысты. Атап айтқанда, қаладағы «Алтын тұмар» балабақшасына арнайы барып, жарылыс кезінде балаларды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарын жедел әрі жүйелі түрде жүргізген тәрбиешілермен, ата-аналармен, психолог мамандармен және жергілікті ақсақалдармен кездесті.

Сондай-ақ Алматы қаласына бекітіліп берілген секторда орналасқан үйлердің біріне арнайы ат басын бұрып, тұрғындарымен тілдесті. Қазіргі таңда аталған баспана тұруға жарамсыз деп танылған. Соған байланысты Алматы қаласы үйді қайта салып бермек.


Одан бөлек, Бауыржан Байбек «Арысқа көмек» акциясы аясында Алматы қаласынан жіберілген гуманитарлық көмек керуенін күтіп алуға қатысып, апаттың салдарын жою жұмыстарына белсенді қатысып жүрген жасотандық еріктілермен кездесті. Еліміздегі ең ірі қаладан Арысқа негізінен құрылыс материалдары келгенін айта кеткен жөн.