29 мам, 2021 сағат 16:10

Батыс Қазақстанда найзағай түсіп, мал қорасы мен 125 тонна пішен жанып кетті


Батыс Қазақстан облысында мал қорасы мен 125 тонна пішен жанып кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 28 мамыр күні сағат 20.20-да Тасқала ауданы Мереке ауылдық округі Қалмақ қыстағында «Мерлан» шаруа қожалығының аумағында болды.

Найзағай түсіп, аумағы 770 шаршы метр мал тұратын базаның шатыры мен соған жапсарлас үйілген 125 тонна (700 шаршы метр, 500 орама) пішен өртенді. Оған қоса қора ішіндегі 3 тонна арпа отқа оранды.

«Тілсіз жауды» ауыздықтауға ТЖ департаментінен 7 қызметкер, 2 техника, ерікті өрт сөндіру құрылымдарынан 12 адам, 4 техника жұмылдырылды.

Өрт бүгін сағат 04.47-де толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.