04 мау, 2021 сағат 17:25

Батыс Қазақстанда коронавирустан қайтқандар саны көбейді


Батыс Қазақстан облысында коронавирустан қайтқандар саны көбейіп кетіп отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің мәлім еткеніндей, өңірде осы кезге дейін коронавирус жұқтырған 22833 адам тіркелді.

Соның 17927-сі немесе 78,5 пайызы жазылып шықты.

Пандемия басталғаннан бері 341 адам көз жұмса, соның ішінде 2020 жылы 169, биылғы бес айда 171 адам өмірден өтті.

Арман Талғатұлының сөзіне қарағанда, көктем айларында коронавирустан қайтқандар саны көбейді. Наурызда 30, сәуірде 42, мамырда 56 адам дүниеден озды.

Биыл қайтқандардың 88-і әйелдер болса, 83-і – ер адамдар.

Науқастардың 91 пайызында (156) созылмалы дерттері болған. Соның 75 пайызы жүрек-қан тамырлары аурулары, 13 пайызы қант диабеті, 12 пайызы басқа дертке шалдыққан.

«Қазіргі таңда 1123 төсектік 18 инфекциялық стационарда 397 адам емделуде. Соның ішінде 26-сы жансақтау бөлімінде жатса, 65,3 пайызы немесе 17-сі – алпыс жастан асқандар.

Науқастардың 21-і жүрек-қан тамырлары аурулары, үшеуі қант диабетімен сырқаттанады. Коронавирус алпыс жастан асқандар үшін аса қауіпті. Созылмалы аурулары барларды емдеу қиынға соғады. Сондықтан жасы ұлғайған тұрғындардың адамдар көп жиналатын жерлерге, қонақтыққа бармай, санитарлық талаптарды сақтағаны жөн», деді А.Қалибеков.