Батыс Қазақстан облысында мамыр айында карантин талаптарын бұзғандарға 1 млн астам теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, осы айда мониторингтік топтар 221 рейд жүргізіп, 1176 нысанды қамтыды.
Барлығы 27 нысанда карантин талабын бұзу фактісі анықталды. 24 хаттама толтырылып, 1 млн 50,120 мың теңге айыппұл салынды.
Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, 1 мамырдан бері 2898 адамның коронавирусты жұқтырғаны анықталды.
Соның 55,9 пайызы (1622) ЖРВИ белгілері бойынша тексерілсе, 33,4 пайызы (969) бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болған.
Соңғы аптада (21-27 мамыр) алдыңғымен (14-20 мамыр) салыстырғанда, індет жұқтыру көрсеткіші 13,1 пайызға (721-ден 626-ға) азайды.
Мамыр айында мемлекеттік шекарадан 26761 адам өтсе, соның 6284-і – жолаушылар. Анықтамасыз өткен 366 жолаушының біреуінен індет табылды. Сондай-ақ халықаралық жүк тасымалымен айналысатын 14072 жүргізушінің 2424-інде анықтама болған жоқ. Бұлардың 10-ы коронавирус жұқтырған болып шықты.
«Қазіргі таңда «Ashyq« қосымшасымен облыс бойынша барлығы 391 нысан жұмыс істейді. 1 мамырдан бастап «Ashyq« жобасына қатысатын нысандарға сары, қызыл мәртебесі бар 136 адам келген. Атап айтқанда, Оралда қызыл мәртебесі бар 48, сарымен 69, Ақсай қаласында қызылмен 9, сарымен 10 адам анықталды», деді Н.Мұстаев.
