27 мам, 2021 сағат 15:53

Баталов қашан зейнетке шығады – әкімнің жауабы


Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Зейнетке шығуға дайынсыз ба?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Маған да осы сұрақ жиі қойылады. Мемлекет басшысы осы лауазымды маған сеніп тапсырғасын, оған менің күшім де, денсаулығым да жетеді. Мен үнемі жастарға, қарамағымдағы балаларыма айтамын: ертең сағат 12-де жұмыстан кетесің десе, мен сол 12-ге дейін бұл жүктемені адал әрі жауапты түрде алып жүремін, халық үшін жұмыс істеймін және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаймын. Болды. Ал қашан кететінім: ертең бе, арғы күні ме, бір жылдан кейін бе, керек адам өзі ойланып, болжамдарын жасай берсін», - деп жауап берді Амандық Баталов. 

Облыс әкімі әрбір берілген мүмкіндік арқылы адамдар үшін, облыс үшін қызмет етіп, өз тәжірибесін жастарға беруге тырысатынын атап өтті.

«Жұмыс өте көп. Бұл жұмыстан тек жақсы істер жасағанда ғана ләззат аласың», - дейді Амандық Баталов.

Еске сала кетейік, бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» онлайн баспасөз конференциясы өтіп жатыр.