12 қаң, 2017 сағат 23:09

Басшының ойы дұрыс, орындалуы не болар екен?

Аймақққа жаңа басшы келген сайын, жақсы жаңалық, оң өзгерістер күтетініміз рас. Әсіресе, туған тіліміз бен рухани санамыз мешеулеу қалған біздің өңір үшін бір сілкініс керек-ақ дейміз. Бірақ құдайға күнәлі болсақ та айтайық, осыны қолға алайын, дұрыс жолға қояйын деген басшыны әлі көзіміз көрген жоқ еді. Бұл туралы әңгіме қозғай қалсаң жергілікті атқарушы билік: «Қазақ тіліндегі облыстық газет бар, «Найзатас» деген (екі тілде) әдеби журнал шығады, қаламгер қауым жыл сайын азды-көпті әкімнің қолдау грантын аласыңдар, енді сендерге не керек?» – деген уәж айтады. Ал, қазақ тіліндегі бір журнал, бір газетпен бұл жақтағы руханияттың жағдайы түзеліп кетпесі белгілі. Оларды оқитын да, оқымайтындар да бар.

Қазір Павлодар қаласында орыстілді 4-5 газет шығады. Одан басқа аудандарда шығатын орыстілді ондаған басылымдар өз алдына. Облыс халқының 70-80 пайызы сол газеттерді оқиды. Өңірдегі ақпараттық саясатты жасап отырғандар да солар. Бұл туралы талай мәрте жазалып жүр, бірақ құлаққа ілер адам жоқ. Қазақ тілінде аймақтық бір дұрыс газет неге ашпайсыздар деп Ерлан Арынның да, Бозымбаевтың тұсында да айтқанбыз. Ешбірі селт етпеді.

...Бала бақшадан бастау керек

Бұның бәрін қозғап отырған себебіміз, өткен жылдың аяғында, аймақтың жаңа басшысы Болат Бақауов қаламгер қауыммен кездесу өткізіп, жылдағы дәстүрлі гарантты тапсырып, екіжақты пікір алмасу ұйымдастырған. Жасыратыны жоқ, облыстағы орыстілді ауданның бірі болып саналатын Железинкада туып-өскесін, бұл азамат та ұлттық руханият мәселесіне салқындау шығар жүретінбіз. Бірақ өзімен кездесіп, көзқарасын байқаған соң, бұл пікірімізді өзгертуге тура келді.

Бәрінен бұрын әкімнің әңгімені қазақ тілі мәселесінен бастағаны таң қалдырды. Бұрынғы басшылар бұл тақырыпты шамалары келсе айналып өтуге тырысатын.

– Қазір кеңес мектебінде орысша сыныпта оқығандарды қазақ тілін шала біледі деп айыптап жатады. Шынын айтайын, сол кезде мектебімізде қазақ тілі деген пән тіптен оқытылмайтын. Сосын ұмытпағанда қайтесің? Бірақ заман солай болды екен деп, барлығын саясатқа жаба бермей, өзіміз үйренуіміз керек. Себебі тіл өзіміздікі, ол бізден басқа кімге қажет? Ал, енді тілді дамытамыз десек, ең әуелі бала бақшаларды қазақ тілді етуіміз керек. Баланың сәби шағынан санасына сіңген тіл ешқашан да ұмытылмайды. Мен осы ойымды үкімет басшыларына да білдірдім. Әрине, бұл бүгін-ертең шешіле салатын шаруа емес. Бұл  – менің жеке ұсынысым, дегенмен, осыған байланысты сіздердің де көзқарастарыңызды білгім келеді. Қазақ тілі бала бақшадан бастап оқытылса, басқа ұлттың балалары да үйреніп шығар еді. Ал, қазақ тілін меңгерген басқа ұлт өкілдері қашанда сый-құрметке ие екенін көріп жүрсіздер. Өткенде Павлодарда президентпен болған кездесуде Алексей Лодочников деген бозбала домбырамен ән салып, әп-сәтте жұлдыз болып шыға келді, – деді Болат Жұмабекұлы.

Наурыз мерекесі жайлы

Аймақ басшысының екінші ұсынысы Наурыз мерекесіне байланысты болды. Бір қызығы, біздер ана бір жылдары осы мәселе жайлы «Жас Алаштың» бетінде жазған болатынбыз. 22 наурыз әрине, мемлекетіміз үшін үлкен мереке, жылдың басы. Бірақ наурыз айында бұл жақта күн әлі де салқын болып тұрады. Тіпті кейде алай-түлей боран соғатын кездері де  есімізде. Дегенмен, мереке болғасын киіз үйлер тігіледі, маңында сауда-саттық жүріп жатады. Әр ұйым-мекеменің тіккен киіз үйлерінде халық ет асап, наурыз көже ішіседі. Әрине ішімдіксіз емес. Сырттағы тон-тымақ киіп қорбаңдасқан ел амалсыздан арақ-шараппен ауыз жылытады. Тонның сыртынан ұлттық шапан киген өнерпаздар жарым сағаттай ән салған болады. Міне, бірер сағаттың ішінде зыр етіп өте шығатын бұл жақтағы наурыз мейрамының көрінісі осындай. Аты Наурыз болғанымен, мерекелік нышаны шамалылау. Кездесу үстінде Болат Бақауов осы мәселені сөз етті.

–Наурыз келгенде, біздің жақта күн әлі салқындау болады, халық дұрыстап мерекелей алмайды. Сондықтан жоғары жаққа тағы да бір ұсыныс айтсам деп жүрмін. 22 наурыз күні жабық ғимараттарда спорттық, басқадай мәдени шаралар өткізіп, ал мерекені сәл кешіректеу, күн жылынғасын өткізсе, жарасып кетер еді, – деді әкім.

Егер жоғарығы жақ бұны қолдай қалса, орынды-ақ ұсыныс екен деп ойладық. Көк шығып, күн жылынғасын тойланса, халық та жадырап қалар еді.

Тағы бір айта кететін жаңалық, биылғы жылы облыс әкімдігі қаражат бөліп, жергілікті он шақты қаламгердің қазақ-орыс тілдерінде кітаптарын шығарып берген. «Қажет болса, келесі жылы он емес, жиырма жазушының  кітабын шығарамыз. Оған мүмкіншілік бар, жергілікті қаламгерлерді қолдау – біздің міндетіміз. Жыл аяғына дейін әлі де талай кездесеміз, ой-пікірлеріңізді тыңдаймыз. Биылғы жылы Екібастұз қаласында Мәшһүр-Жүсіп бабамыздың үлкен ескерткішін орнатып, өзінің кесенесіне дейінгі 80 шақырымдық жолды асфальттамақпыз» – деп сөзін түйіндеген әкім біздермен қош айтысты.

Сонымен, жақсының жақсылығын айт деген аталы сөзге сүйенсек, бұл жерде асыра мақтап Бақауовтың бағын асырмақшы боп отырған жоқпыз. Құлақ естіп, көз көргесін айтамыз. Ең бастысы, бұл азаматтың ұлттық құндылығымыз – туған тілге деген ықылас-пейілі дұрыс екен. Бұл басшылардың арасында сиректеу ұшырасатын жайт. Ал енді әрі қарай не боларын уақыт көрсете жатар дедік.

Сайлау Байбосын, Павлодар

Ұлт порталы