15 қар, 2024 сағат 19:13

Баспа саласының білгірі

Фото: Азамат Құсайынов


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Шериаздан Елеукеновтің туғанына 95 жыл толуына орай «Ұлттық кітаптану мәселелері: тарихы және бүгінгі жағдайы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


Жиынды Журналистика факультетінің деканы, филология ғылымының кандидаты Қанат Әуесбай жүргізді.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Абай Қазмағамбетов кіріспе сөзінде Ш.Елеукенов туралы: «Ол табанды еңбегі мен ізденістерінің нәтижесінде филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Адалдық, адамгершілік, еңбекқорлық қағидаларын басты орынға қойған ғалым Шерияздан Елеукенұлы қандай қызмет атқарса да ұлттық ұстанымынан танған емес», – деді.


«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып Ш.Елеукеновтің ұстаздық жолы мен ғылымдағы өнегесін негізгі баяндамасына арқау етті. Профессорлар Жанғара Дәдебаев, Намазәлі Омашұлы, Қансейіт Әбдезұлы, Қоңыр Мұқатайқызы, Темірғали Көпбаев, Сағатбек Медеубекұлы кітаптану мәселелерімен қоса қайраткердің әдебиеттану, баспа ісі саласындағы еңбегін талдады. Профессор Темірғали Көпбаев Шерияздан Рүстемұлының көптомдығын шығару ісі тоқтап қалғанын айтып, осы жағдайдың шешілуі керек екенін айтып өтті. Ғалымдар Нұрдаулет Ақыш, Серікқазы Қорабай, Гүлжаһан Орда, Елена Дудинова Шерияздан Рүстемұлының қаламынан шыққан туындыларды баяндамаларына арқау етті. Ш.Елеукеновтің ұлы, физика-математика ғылымының докторы Дастан Елеукенов халықаралық конференцияны ұйымдастырған университет пен факультетке, баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұжымына алғыс айтып, әке аманаты мен ұстанымы қандай болғанын айтып берді.



Қырғызстанның Ж.Баласагын атындағы ҚҰУ-нің Журналистика және коммуникация институтының директоры, әлеуметтік ғылым кандидаты, доцент Ширин Костюк және Түркияның Сакария университетінің профессоры Мухаммед Билал Челик түркі еліне ортақ тұлға Ш.Елеукеновтың қайраткерлік қыры мен баспа ісіндегі еңбегіне тоқталды.


Жиынды қорытындылаған Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай: «Шерияздан Рүстемұлының ұстаздық жолымен, ғылымдағы, әдебиеттанудағы, кітаптанудағы, көркем сөздері қырларымен таныстық. Елеукеновтану деген ғылымның жеке бір саласы қалыптасып келе жатыр деп есептеймін. Бұл әлі де толыға түсетін жеке бір сала болмақ», – деді.


Халықаралық конференция материалдары арнайы жинақ болып жарық көріп, іс-шара барысында көпшілікке таныстырылды. Іс-шара аясында әл-Фараби кітапханасының фойесінде Ш.Елеукенов шығармашылығы мен өміріне арналған кітап көрмесі және фотокөрме ұйымдастырылды.

 

Қарагөз Серікқызы,

баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының оқытушысы