29 сәу, 2021 сағат 19:38

Бас санитар дәрігер қазақстандықтарға үндеу жасады


Қазақстанның Бас санитариялық дәрігері Ерлан Қиясов мәлімдеме жасап, ел тұрғындарын коронавирус кең тарап жатқан мемлекеттерге барудан бас тартуға шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram каналына сілтеме жасап.

«Құрметті қазақстандықтар! 

Жақын арада COVID-19 бойынша эпидемиологиялық ахуалы аса қолайсыз елдерге демалысты немесе өзге де сапарларды жоспарлаған барлықтарыңызға мәлімдеме жасағым келеді. 

Мен коронавирустық инфекциясы кең тараған Үндістан, Түркия, сондай-ақ Еуропаның, Латын Америкасының, оңтүстік-шығыс Азияның кейбір елдеріне барудан бас тартуды сұраймын. Аталған елдерде күн сайын қауіпті індетті жұқтырғандар саны еселеп артып, антирекордтық көрсеткіш күн сайын жаңаруда.

Ғалымдар коронавирустық инфекцияның жаңа штамдарының жұғу жылдамдығы өте жоғары және қоғамға, жалпы денсаулық сақтау жүйесіне аса қауіп төндіреді деп дабыл қағуда. 

Сондықтан демалысты кейінге қалдыруға кеңес беремін, өйткені бұл сіздің денсаулығыңыз ғана емес, сіздің жақындарыңыздың амандығы, ұлт денсаулығы екендігін ұмытпаңыз!», - делінген мәлімдемеде.