Фото: Әлеуметтік желіден
Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өлтірді деп айыпталған Салтанат Нүкенованың ісіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы.
Бас прокуратура жанындағы үйлестіру кеңесінің отырысында Асылов әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстық әрекеттер қоғамды дүрліктіргенін атап өтті.
"Жақындағы Нүкенованың өлімі интернет кеңістігін дүр сілкіндірді. Қазірдің өзінде 150 мыңға жуық қазақстандық тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауды күшейту туралы петицияға қол қойды.
Сонымен қатар бұл бағытта жұмыс тұрақты жүргізіліп жатыр. Биыл отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар үшін қамауға алу мерзімі ұлғайтылды, тараптарды қайта татуластыруға тыйым салынды", - деді Асылов.
Ол полицияның тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының шағымын қарау жұмыстары қайта құрылғанын түсіндірді.
"Нәтижесінде, үшінші тоқсанда әкімшілік жауапкершілікке тартылған жанжал шығарушылар саны 7 мыңнан 27 мыңға дейін көбейген. Жыл басынан бері 80 адам кісі өлтіргені және ауыр жарақаттар үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бірақ тек жазалау әдістері жағдайды түзете алмайды. Тәртіп орнатуда бізге қоғамның, әрбір азаматтың белсенді қолдауы қажет", – деді Бас прокурор.