Фото: Depositphotos
Қазақстанда әлеуметтік желілер мен түрлі платформаларда заңсыз ұтыс ойындары жиілеп кетті. ҚР Бас прокуратурасы азаматтарға лотерея ұйымдастыруға тек ресми операторлардың ғана құқығы бар екенін ескертеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Заңға сәйкес, лотерея қызметін тек уәкілетті мемлекеттік органнан рұқсат алған заңды тұлғалар жүзеге асыра алады. Шарттары міндетті түрде Туризм және спорт министрлігімен келісіліп, жүлде қоры билеттер сатылымынан түскен қаражаттың кемінде 50%-нан немесе оператордың өз қаржысынан қалыптастырылады. Барлық ақпарат ашық әрі қолжетімді болуы тиіс.
18 жасқа толмаған азаматтардың қатысуына тыйым салынады. Ал рұқсатсыз лотерея өткізген жеке және заңды тұлғаларға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабы бойынша 500-ден 2000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Алаяқтық мақсатта ұйымдастырылған лотереялар үшін Қылмыстық кодекстің 190-бабына сәйкес 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бас прокуратура азаматтарды сақ болуға және «жеңіл олжаның ауыр салдары болуы мүмкін» екенін ескертеді.
