21 жел, 2022 сағат 14:16

Бас прокуратура Владислав Челахтың хаты жөнінде пікір білдірді

Фото: ашық дереккөзден

ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев Владислав Челахтың Президентке жазған хаты туралы тілшілер сұрағына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Владислав Челахтың Мемлекет басшысына хат жазғаны, Арқанкергенде шын мәнінде не болғанын айтуға дайын екені хабарланған еді.

«Өкінішке қарай, қазір менде Владислав Челахтың бізге жүгінгені туралы ақпарат жоқ. Сондықтан дәл қазір пікір айта алмаймын. Бірақ осылай жүгінген болса, оны пысықтап, тиісті жауап береміз», - деді Өмірәлиев Мәжіліс кулуарында тілші сұрағына.

Еске сала кетсек, 2012 жылы мамырдың 27-сінен 28-іне қараған түні Алматы облысының «Арқанкерген» шекара бекетінде 14 шекарашы және бір қорықшы қаза тапты.

Аман қалған он бесінші сарбаз Владислав Челах шекара бекетінен 20 шақырым жерде орналасқан қыстаудан табылды.

Тергеу жұмысы барысында Челах басты күдікті ретінде қарастырылып, қамауға алынды.

Оған тергеуші тоғыз бап бойынша айып тақты, соның ішінде «Екі немесе одан да көп адамды өлтіру», «Жеке заттарды ұрлау», «Құпия құжаттарды ұрлау», «Қаруды ұрлау», «Қаруды заңсыз ұстау», «Әскери мүлікті бүлдіру», «Әскери қызметтен қашу», және «Бөтен біреудің баспанасына заңсыз кіру» баптары бар.

Соңында Челах қызметтестерін өлтіргенін мойындап, өмір бойына бас бостандығынан айрылды және Қостанай облысындағы «Қара бүркіт» түрмесіне жіберілді.

2019 жылы Владислав Челах бас бостандығынан айыру жазасын алып тастауды, құқығы бұзылғаны үшін 30 млн теңге моральдық шығын өтеуді және істі қайта қарауды сұраған еді.

ҚР Жоғарғы соты бұл шағымды қанағаттандырмады.