Қазақстанда 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына байланысты сауалнама жүргізген екі азамат әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы 23 мамырда Қазақстан Бас прокуратурасы өзінің ресми сайтында хабарлады.
Прокуратура таратқан хабарға қарағанда, "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде сайлау бойынша қоғамдық пікірге сауал салған Алматы қаласының тұрғыны 17 мамырда 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (37 875 теңге) айыппұлға кесілген. Ведомство хабарында "Facebook" әлеуметтік желісінде жасаған құқық бұзушылығы үшін Алматы облысының тұрғыны тап осындай әкімшілік жауапқа тартылды" деп жазылған.
Бұған дейін, 21 мамырда Қазақстан адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро Талдықорғанда Нұр Итжанов есімді белсендінің сайлау туралы сауалнама жүргізгені үшін 37 875 теңге айыппұлға кесілгенін хабарлаған. 23 мамырда бюро апелляциялық сот белсендіге шыққан шешімді өзгеріссіз қалдырғанын жазды.
Прокуратура қазақстандық "Nur.kz" мнтернет-ресурсының да орталық сайлау комиссиясына ескертусіз сауалнама жүргізгенін жазғанымен, басылымның қандай жауапқа тартылғанын көрсетпеген.
Ведомство Қазақстан әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабында сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргiзу шарттарын бұзғандар жауапқа тартылатынын ескерткен. Заң бойынша, сауалнама жүргізу ережесін бұзған жеке тұлғаларға – 15, заңды тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:
- Сәді-Бек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы;
- қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы;
- Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы;
- Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы,
- Төлеутай Рахымбеков - "Ауыл" партиясы;
- Жамбыл Ахметбеков - "Қазақстан комунистік халық партиясы";
- Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы.
11 мамырда елде сайлау алдындағы үгіт-насихат кезеңі басталды. Ол 8 маусымға дейін созылмақ.