18 қар, 2022 сағат 09:55

Бас прокуратура сайлау қарсаңында қазақстандықтарға үндеу жасады


Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев Президент сайлауы алдында қазақстандықтарға үндеу жасады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ведомство мәліметінше, әлеуметтік желілерде сот тыйым салған ұйымның 20 қарашада заңсыз митингілерді өткізуге, қатысуға және өзге де құқыққа қайшы әрекеттер жасауға шақырулары тарап жатыр.

"Ұлттық және халықаралық құқыққа сәйкес, терроризмді немесе зорлық-зомбылық экстремизмді насихаттайтын осындай ұйымдардың кез келген қызметіне тыйым салынғанын атап өтемін.

"Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" Заңмен (5-баптың 6-тармағы, 14-баптың 1-тармағының 2-тармақшасы) олардың осындай акцияларды ұйымдастыруына жол бермеу бекітілген.

Егер акциялар мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, басқа да қылмыстық әрекеттер жасауға бағытталған болса, оларды жүргізуге де жол берілмейді (Заңның 14-бабының 1-тармағының 1-тармақшасы)", - дейді бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев.

Бұл бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізудің негізгі қағидаттарының бірі - олардың зорлық-зомбылықсыз сипаты мен заңдылығына, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті, денсаулықты сақтауды, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуге байланысты (Заңның 3-бабы).

Аталған заңсыз әрекеттерді жасаумен ұштасқан тыйым салынған ұйымдардың шақырулары, ұйымдастыруы және олармен ұйымдастырылған акцияларға қатысқаны үшін әкімшілік (ӘҚБтК-нің 488-бабы) және қылмыстық жауаптылық (ҚК-нің 179-бабы (билікті күштеп басып алуға шақыру), 405-бабы (сот тыйым салған ұйымдардың қызметіне қатысу)) көзделген.

"Құқық қорғау органдары Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзатын адамдарға заңда көзделген шараларды қабылдайды және кез келген құқық бұзушылықтардың жолын кеседі. Атап айтқанда, биыл 17 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері прокуратура органдарының ықпалдастығымен жеті адамнан тұратын қылмыстық топ қызметінің жолын кесті. Олардың билікті күштеп басып алу мақсатында қару-жарақ пен тұтандырғыш қоспаларды пайдалана отырып, жаппай тәртіпсіздіктер мен мемлекеттік және құқық қорғау органдарының ғимараттарына, тіршілікті қамтамасыз ету объектілеріне шабуылдар жасауды, олардың қызметкерлерін өлтіруді жоспарлауға, сондай-ақ дайындауға қатыстылығы туралы құжаттық дәлелдер алынды", - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін сайлау күні жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғысы келген қылмыстық топ ұсталғаны хабарланған болатын. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері айтты.