Фото: Ашық дереккөзден
ҚР Бас прокуратурасы Алматы облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов тергеуге алынуы туралы ақпаратқа түсініктеме берді, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы.
"Қазіргі уақытта Рүстем Әбдірахманов орнында, қызметінен шеттетілген жоқ. Ол рейдерлік іске қатысты куәгер саналады және куәгерлердің қатарында. Күдікке іліккен жоқ. Одан жауап алынды, тергеу іс-шаралары жүргізілді", - дейді ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Елдос Сағиев.
Сонымен қатар Бас прокуратура өкілі оған қатысты тінту іс-шараларының жүргізілмегендігін, ұялы телефоны тәркіленбегендігін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін БАҚ-та Алматы облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахмановтың тұрғылықты жері мен жұмыс орнында тінту жүргізілгені туралы ақпарат тараған болатын.
Кейін Алматы облысы ПД-нің баспасөз қызметі одан қылмыстық іс бойынша жауап алынғаны туралы ақпаратты растады.