ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауовқа қатысты іске түсінік берді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Прокурордың өкілеттігі Конституциямен және басқа да заңмен реттелген. Сотта прокурор өзінің қорытындысын жариялады, сол қорытындыға сәйкес терегу соты ол күдіктіні (Б.Бақауовты) екі ай қамау мерзіміне алды. Тергеу шаралары бақылауда тұр», - деді Марат Ахметжанов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысының Жарлығымен Болат Жұмабекұлы Бақауов Павлодар облысының әкімі қызметінен босатылды.
Еске салайық, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Б.Бақауовқа қатысты лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын. Кейін, Павлодардың мамандандырылған тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы бұлтартпау шарасын санкциялады.
Болат Бақауовқа Қазақстанның Қылмыстық Кодексінің 362 бабы 4-бөлігі үшінші пункті бойынша қылмыс жасады деген күдік келтіріліп отыр. Аталмыш баптар өзіне және өзге азаматтар мен ұйым үшін пайда табу мақсатында қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану дегенді білдіреді.