Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев тұрмысы төмен отбасылардың қарызын мемлекет есебінен өтеу шаралары туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, Президенттің тапсырмасы бойынша кепілсіз кредит алған 5 миллионға жуық адамның айыппұлдары мен өсімпұлдары өтеледі. Ал тұрмысы төмен азаматтар үшін осындай жеңілдікпен бірге 300 мың теңгеге дейінгі қарыз сомасы кешіріледі. Бірақ кредиттің сомасы 3 миллион теңгеден аспауы қажет. Тұрмысы төмен азаматтардың қатарына көпбалалы отбасылар, мүгедек баласы бар отбасылар, асыраушысынан айырылғандар, жетім балалар және атаулы әлеуметтік көмек алатындар жатады. Бүгінде кепілсіз кредит алған азаматтардың саны 443 мың.
"Біз 443 мың адам бойынша жұмысты аяқтап жатырмыз. 9 шілде күнін тиісті файлдарды жүктейтін уақыт ретінде белгіледік. Ал 15 шілдеге дейін бәрін тексеріп шығамыз. Осылайша, банктер мен микроқаржыландыру ұйымдары бойынша барлық тізім 15 шілдеге дейін дайын болады", - деді Досаев сенаттың жалпы отырысында.
Бас банкирдің айтуынша, кредит алған адамдарды банкке қайтадан ешкім шақырмайды. Қарыз келісімдерін қайта рәсімдеудің қажеті жоқ.
"Біз адамдарды қағазға қайта қол қоюға шақырмаймыз. Тізімдерді тексеретін арнайы қызмет болады. Осыдан кейін проблемалық кредиттер қоры екінші деңгейлі банктер мен микроқаржыландыру ұйымдарымен келісімшартқа отырады. Сөйтіп, тізім бойынша ақшаны аударып береміз. Ал мемлекеттік кредит бюросы 300 мың теңгесі өтелген әрбір адаммен хабарласу жағын қадағалайтын болады", - деді Досаев.
Айта кетейік, кеше парламент мәжілісі тиісті заң жобасын мақұлдады. Бүгін сенат та аталған құжатты қабылдады.