Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев кредиттердің айыппұлы мен өсімақысын өтеу шаралары қалай атқарылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы жарлығын іске асыру мақсатында Ұлттық банк Үкіметпен, банктермен және микроқаржыландыру ұйымдарымен 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша кепілсіз тұтынушылық қарыз бойынша 300 мың теңгеден аспайтын сомада өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтардың берешегін өтеу механизмін әзірледі", - деді Досаев үкіметтің бүгінгі отырысында.
Бас банкирдің айтуынша, аталған жүйе аясында алдымен өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтардың тізімі жасалады. Оны еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлейді.
"Одан кейін аталған тізім бойынша берешек мемлекеттік бюромен, екінші деңгейлі банктермен және микроқаржы ұйымдарымен салыстырылып тексеріледі. Содан соң банктерге және микроқаржыландыру ұйымдарына ақша аударылады. Бұл механизмді екі айда аяқтау жоспарланып отырмыз. Бұдан ары еңбек министрлігі тізімді нақтылаған жағдайда қаржы министрлігі мен еңбек министрлігі ұйымдастырушылық және қаржылық сипаттағы тиісті шараларды қабылдауы қажет болады", - деді Досаев.
Ал ұлттық банк екінші деңгейлі банктер мен микроқаржыландыру ұйымдарымен бірлесе отырып, 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша есептелген кепілсіз тұтынушылық қарызы бар барлық азамат үшін айыппұлдар мен өсімпұлдарды өтеу механизмін әзірледі.
"Бұл механизм бойынша банктер мен микроқаржыландыру ұйымдары алдымен есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдарды дербес көшіріп алады. Бұдан кейін оператор банктер мен микроқаржыландыру ұйымдарының шығыстарын 70 проценттік дисконтпен өтеуді жүзеге асырады, яғни іс жүзінде айыппұлдар мен өсімпұлдардың үштен екісінен астамы банктер мен микроқаржыландыру ұйымдарының қаражаты есебінен есептен шығарылады. Бұл механизмді де екі айда аяқтау жоспарлануда", - деді Досаев.