29 қар, 2022 сағат 12:54

Бас әскери прокуратура: Жансейіт Түймебаевтың ұлын өлтірген күдікті – әскери қызметші


Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың ұлын өлтірді деген күдікпен қамауға алынған әскери адам болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Бас әскери прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«7 қаңтарда К. есімді азаматтың қайтыс болу фактісі бойынша Бас әскери прокуратураның жедел тобы тергеу жүргізді. Жоғарыдағы факт бойынша Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерінің бірінің әскери қызметшісі Қылмыстық кодекстің 451-бабының 2-бөлігі 1-тармағымен (ауыр зардаптарға әкеп соққан билікті асыра пайдалану) күдікті деп танылды. Ол қамауға алынған», - делінген ресми хабарламада.

Ақпаратта айтылғандай, қазір қылмыстық процеске қатысушылар аталған іспен танысып жатыр.

«Күдіктінің кінәсін сот анықтайды. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жарияланбайды», - дейді ведомстводан.

Айта кетсек, кеше еліміздің бас прокуратурасы қаңтар оқиғасы кезінде Жансейіт Түймебаевтің ұлының өлімі бойынша күдікті ұсталғанын хабарлаған еді.