09 қыр, 2025 сағат 16:44

Барлық күмәнді және тиімсіз әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар тоқтатылады — Бектенов

Фото: Үкімет

Үкімет отырысында Президенттің 2025 жылғы Жолдауын іске асыру шаралары талқыланды. Премьер-министр Олжас Бектенов әлеуметтік саясат бағытында нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды Ult.kz.

Оның айтуынша, Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдар және әкімдіктермен бірлесіп, 1 желтоқсанға дейін әлеуметтік қолдау шараларының бірыңғай стандартын әзірлеуі тиіс.

– Барлық күмәнді және тиімсіз әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды алып тастау керек. Біз әлеуметтік әділеттілікті сақтап, масылдық пиғылды азайту үшін шаралар қабылдайтын боламыз. Үкіметтің міндеті – барлығына бірдей жағдай жасау. Ал азаматтар жұмыс істеп, өзін және отбасын асырауға ұмтылуы қажет, – деді Бектенов.


Премьер-министр мемлекеттік қызметтерді тиімді бақылау үшін цифрландыру мен жасанды интеллектіні терең енгізу қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты ол 1 қарашаға дейін Әлеуметтік саланың бірыңғай цифрлық платформасын енгізуді тапсырды.

Сонымен қатар мемлекеттік органдар Әлеуметтік кодекске әлеуметтік аудит тетіктерін енгізуді көздейтін заң жобасын жедел мақұлдауы қажет.