09 ақп, 2020 сағат 11:29

Бәрі жол үстіндегі кикілжіңнен басталған – ІІМ Қордайдағы қантөгіс жайлы

Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди Қордайдағы оқиғаның неден басталғанын айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Әу баста, яғни 5 ақпанда екі ауылдың тұрғындары ұстасып қалған. Тұрмыстық қақтығысқа қатысқандардың бірі қазір ұсталып, қалғандары ауданнан шықпайтыны жөнінде қолхатпен босатылды», - деді Алексей Калайчиди ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатынан кейін тілшілерге.

Оның айтуынша, ауыр жүк көлігі үйден шығып келе жатқан кезде жолда келе жатқан автокөлікпен жолға таласып қалған.

«Көліктерде үш-үш адамнан болған. Ақыры өзара жанжал соңы төбелеске ұласып кеткен», - деді ол.

ІІМ басшысының орынбасары жол үстіндегі төбелесте алты кісінің ішінде, шынында да, жасы үлкен кісінің болғанын растады.

«Ол төбелес кезінде зардап шеккен... Жалпы қазір біз барлық тараған ақпаратқа талдау жүргізіп отырмыз. Ол жерде жүзге тарта адам болған. Олардың әрқайсысының сол жерге келу мотивін зерттеп жатырмыз», - деді ол.